Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы айтылды.
Брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлбахыт Манабаева жаңа заңнамаға сәйкес, мүгедектіктің себебіне қарамастан, 1-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы енгізу қарастырылғанын хабарлады. Бұған дейін жәрдемақы бала кезінен бірінші топқа қамқор болған адамдарға ғана тағайындалған.
«Нәтижесінде облыс бойынша күтім бойынша жәрдемақымен қосымша 1,6 мыңнан астам адам қамтылатын болады. Жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 48 023 теңгені құрайды. Жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беруші жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға өтінішпен және қажетті құжаттармен жүгінеді», — деді Г.Манабаева.
Оның айтуынша, баланың денсаулығы мен өмірлік белсенділігінің бұзылу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.
«Облыс бойынша барлық мүгедектігі бар балалар-2 221, оның ішінде 7 жастан 16 жасқа дейін – 1 368 адам. Енді 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% — ға дейін ұлғайтылатын болады. Қазіргі уақытта 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері бірдей және 48 023 теңгені құрайды. 1-топтағы мүгедектігі бар бала 65 860 теңге, 2-топтағы мүгедектігі бар бала 54 541 теңге, 3-топтағы мүгедектігі бар бала өзгеріссіз 48 023 теңге алады», – деді Г.Манабаева.