Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 27 қазандағы бұйрығымен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Мұндай жәрдемақыны алушылар халықтың әртүрлі топтары болып табылады. Қағидалар тармақшамен толықтырылды, оған сәйкес бірінші топтағы мүгедектігі бар жанға күтімді жүзеге асыратын кез келген адам, онымен туыстық байланысына қарамастан, күтімді жүзеге асыратын адам болып танылады.
Осылайша, жәрдемақы ай сайын ағымдағы ай үшін және оны алу құқығы туындаған күннен бастап жәрдемақы тағайындалған шарттарды сақтау кезеңіне төленеді.
Алушы, сондай-ақ күтім жасалатын адам қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленеді.
Алушы, сондай-ақ күтім жасау жүзеге асырылатын адам елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда жәрдемақы төлеу кеткен айын қоса алғанда жүргізіледі.
Күтімді жүзеге асыратын адам ауысқан жағдайда жәрдемақы ауысым күні бойынша төленеді.
Жәрдемақы тағайындау үшін жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы өтінішпен жүгініп, мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттарды қоса беру қажет.
Мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беру қажет, оны күтім жасауға құқығы бар адамдар тұрғылықты жері бойынша МӘС бөлімшесіне өтінішпен жүгіне алады.
Құжаттарды тапсырған кезде өтініш берушіге:
Мемлекеттік корпорацияда-тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі;
ведомствода-тіркелген күні және мемлекеттік қызметті алатын күні, құжаттарды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген өтініштің үзбелі талоны;
портал арқылы-өтініш берушінің «Жеке кабинетінде » мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.
Бұл ретте «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған, сондай-ақ күтімді жүзеге асыратын адамдарға жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті ұсыну проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындау кезінде талап етілмейді.
Бұл адамдарға жәрдемақы тағайындау үшін порталда ұялы байланыс телефон нөмірін тіркеу жеткілікті. Телефон нөміріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Е-макет» ақпараттық жүйесі арқылы жәрдемақы тағайындау және тілді таңдау мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі.
Проактивті қызмет көрсетуге келісім алғаннан кейін телефон нөміріне банк шотының нөмірін растау немесе ұсыну туралы хабарлама жіберіледі.
Проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға өтініш жасалған күн жәрдемақы тағайындауға келісім берілген күн болып есептеледі.
Алушыдан sms-хабарлама жіберілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде жауап болмаған жағдайда проактивті қызмет көрсету процесі аяқталады.
Іс-әрекетке қабілетсіз, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж адамдарға жәрдемақы тағайындау үшін өтінішті және қажетті құжаттарды олардың заңды өкілдері береді.
Жәрдемақы тағайындау үшін өтінішті үшінші тұлғалар сенімхат бойынша береді.
Өтініш беруші жәрдемақы тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияның бөлімшесіне жүгінген кезде өтініш берушіде жәрдемақы тағайындау немесе тағайындауға өтініш беру фактісінің болуына, сондай-ақ өтініш берушіде жеке көмекші қызметін ұсыну фактісінің болуына (күтім жасайтын адамға жәрдемақы тағайындау үшін) тексеру жүргізіледі.
Тиісті төлемді тағайындау немесе жәрдемақы тағайындауға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтерді, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен жеке көмекшінің қызметін ұсыну фактісін растайтын мәліметтерді (күтім жасайтын адамға жәрдемақы тағайындау үшін) алған кезде өтініш берушіге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген құжаттар топтамасын толық ұсынбаған немесе қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған немесе мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті мәліметтер болмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге құжаттар топтамасының қандай талаптарға сәйкес келмейтінін және оны сәйкес келтіру мерзімдерін көрсете отырып хабарлама жібереді. Осы кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету тоқтатылады.
Хабарламада көрсетілген құжаттарды сәйкес келтіру мерзімі екі жұмыс күнін құрайды.
Егер өтініш беруші хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны талаптарға сәйкес келтірмеген жағдайда, оған өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Құжаттардың электрондық көшірмелері Мемлекеттік корпорация бөлімшесі маманының ЭЦҚ-мен куәландырылады, одан кейін өтініш беруші ұсынған өтініш пен құжаттар түпнұсқада өтініш берушіге қайтарылады.
Алдын ала шешім бойынша өтініш берушінің қарсылықтарын жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органның орындаушысы оны алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Тыңдау нәтижелері бойынша жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті орган жәрдемақы тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
Қалыптастырылған ІЭМ жәрдемақы тағайындау (өзгерту, тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдау үшін Мемлекеттік корпорацияның филиалы арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы-жәрдемақыға құқығы бар азаматтарға жәрдемақылардың өзге түрлеріне қарамастан берілетін ақшалай төлем, оның ішінде электрондық ақшамен.
Бұйрық 2021 жылғы 2 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.