Бағдарлама бойынша Наурызбай ауданындағы «Алма сити-5» жаңа тұрғын үй кешені мен Алатау ауданындағы «Мәдениет» тұрғын үй кешенінен барлығы 1050 бір бөлмелі пәтер бөлінеді.
15 қарашадан бастап 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасына өтініштерді қабылдау басталады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТК телеарнасының Әкімдік LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде айтты.
Өтінімдерді қабылдау 15 қарашада түн ортасында басталады. Өтінім 20 қарашаға дейін тапсырылуы керек.
Өтініштер almaty-jastary.info сайтында қабылданады, сайтқа кіру өтініш берушілердің электрондық цифрлық кілттері арқылы жүзеге асырылады», — деді әкім.
Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
• жасы – 29 жасқа дейін;
• Алматы қаласында соңғы екі жылдан кем емес тұрақты тіркеуде болу;
• соңғы екі жылда Қазақстан аумағында тұрғын үйі болмау;
• өтініш берушілердің соңғы алты айдағы айлық жалақысы кемінде 40 АЕК – 116 680 теңге болуы керек.
Пәтерлер Наурызбай ауданындағы «Алма Сити-5» жаңа тұрғын үй кешенінде және Алатау ауданындағы «Мәдениет» тұрғын үй кешенінде орналасқан.
Бағдарлама бойынша барлығы 1050 бір бөлмелі пәтер беріледі.
Жалдау мерзімі ұзарту құқығынсыз бес жылды құрайды.