Депутат Жамбыл Ахметбеков Мәжілістің жалпы отырысында мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды.
«Өтке жылдың сәуірінде мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету туралы мәселе көтердік. Мүгедектігі бар ҚР азаматтарының еңбек етуге құқығы бар және олардың кейбіреуі зейнет жасына жеткеннен кейін жұмысын жалғастырғысы келеді. Дегенмен мұндай адамдар аз. Зейнетке шығу қарсаңындағы мүгедектігі бар адамдарға жұмыс істеу денсаулығына байланысты физикалық қиындық туғызады.
Бұрынғы үкімет мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасы төмендеген кезде тағайындалған зейнетақы мөлшері мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақыдан төмен болады деп жауап берді. Неліктен зейнетақы жүйесін мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше жағдай жасау үшін өзгертпеске?
Адамдар жүйе үшін, жүйе адамдар үшін емес пе. Мүгедектігі бар адамдар физикалық тұрғыдан анықталған теңсіздіктен зардап шегеді. Ал зейнетке шығу жасындағы жасанды теңдік оларды қорлау және әділетсіздік.
Неліктен мүгедектік бойынша тағайындалған жәрдемақы зейнетке шыққанда тоқтатылуы керек? Адамның жасы ұлғайған сайын денсаулығы жақсармайды», — деді депутат.
Жамбыл Ахметбеков мүгедектігі бар адамдар зейнетақыны да, мүгедектік бойынша жәрдемақыны да алуы тиіс екенін айтты.
«(…) Айтылғандарды ескере отырып Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары, бірінші — мүгедектігі бар адамдар үшін зейнет жасын төмендету, екінші — мүгедек адамдар ұйымдарының міндетті түрде қатысуымен мүгедек адамдардың зейнетке шығу жасын төмендетудің және айқындаудың нақты өлшемдерін, мүгедектік тобын, денсаулық жағдайын, ауру, еңбек сипатын және басқаларын ескере отырып, сондай-ақ, мүгедек адамдардың мүддесіне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеуді, үшінші — мүгедектер проблемасын, оның ішінде жұмыс істейтін мүгедек жасындағы еңбекке қабілеттігі туралы қажетті ғылыми зерттеу жоспарын даярлауды, төртінші — мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жағындағы ұлттық жоспарға мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру, статистикалық деректерді жинау және мүгедектік мәселелерін ғылыми зерттеу, мүгедектік саласындағы жұмыс тиімділігіне индикаторлар әзірлеу жөніндегі пысықтау әзірлеуді, бесінші — әзірленіп жатқан әлеуметтік кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін ұсынады», — деді депутат.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнетке шығу жасы — 63, әйелдер үшін қазіргі уақытта — 60 жас.
Источник: Tengrinews