Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылғы 14 маусымдағы «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа және кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізді.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін бизнесті дамытуға арналған гранттар мөлшерін 400 АЕК – ке дейін (2022 жылы-1,2 млн теңге) ұлғайту көзделіп отыр.
Гранттар беру жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын өз ісін ашу үшін бастапқы құралдармен қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылы барлығы 20 мың адамды гранттармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, жастар практикасына және «бірінші жұмыс орны» жобасына қатысатын жас мамандардың жалақы мөлшерін 30 АЕК-ке дейін (91 890 теңге) ұлғайту, сондай-ақ жастар практикасына және «бірінші жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімдерін тиісінше 12 және 18 айға дейін ұлғайту көзделеді.
Ағымдағы жылы жастар практикасына кемінде 22 мың адамды жіберу, сондай-ақ «бірінші жұмыс орны» жобасына кемінде үш мың жас адамның қатысуын ұйымдастыру жоспарлануда.
Еңбек министрлігінде атап өткендей, бұл өзгерістер Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда мәжіліс отырысында Үкіметке халыққа көрсетілетін жұмыспен қамту шараларының тиімділігін арттыру бойынша берген тапсырмасы аясында енгізілді.