Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап зейнетақылар 4% — ға өсті және әлеуметтік төлемдер қосымша индекстелетін болады. Қаңтар айынан бастап зейнетақылар өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 11% — ға өсті. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
«Біздің мемлекетіміз күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайды. Биылғы бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бүгін қабылданған түзетулер нәтижесінде сәуір айынан бастап зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4% – ға индекстеледі», — деді Мәулен Әшімбаев палатаның жалпы отырысында.
Сенат Төрағасы бұл төрт миллионнан астам адамға жағымды әсер ететінін атап өтті.
2022 жылғы қаңтарда зейнетақы мөлшері 7% — ға ұлғайтылды.
«Жалпы, зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11% — ға өседі. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша кешенді жоспарды іске асыруға 197 млрд теңге бөлінеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұған дейін Сенат 2022 жылға арналған республикалық бюджетке нақтылауды қабылдағаны туралы хабарланған болатын. Әлеуметтік блоктың шығыстары 581 млрд теңгеге ұлғайтылып, бюджеттің жалпы шығыстарының 46% — ын құрайды. Қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, медициналық көмек көрсетуге, еңбек нарығын дамытуға және жастарды қолдауға бағытталатын болады.