Атырау облысының 8300-ден астам мүмкіндігі шектеулі тұрғыны техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлімдеді.
«Қазір облыста 24 003 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар жандар – 2054, екінші топтағылар – 9472, үшінші – 8446, сондай-ақ 4031 ерекше балалар. Ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін 13 729 мүгедектігі бар жандарға арналған техникалық оңалту құралдарын алуға өтініш білдірген. Оның 8 349-ы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қаражат пен әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оларға міндетті гигиеналық, протездік-ортопедиялық, тифлотехникалық, сурдотехникалық құралдар берілді», — деді Азамат Мәмбетов.
Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған облыстық мүгедектігі бар жандарды оңалту орталығы және үш арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерге барлығы 1075 адам барады.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында биыл облыста 259 нысанда бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.