3 мыңға жуық Атырау тұрғындары әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы санаторийлерге тегін жолдама алды. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлімдеді.
«Биыл Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен І топтағы мүгедектігі бар жандарға және ерекше балалардың жеке көмекшілеріне 55 АЕК көлемінде 14 күнге санаториялық-курорттық жолдамалар берілді. Шығару процесі жеңілдетілген. Әлеуметтік қызметтер порталында мүгедектігі бар барлық топтағы азаматтар үйлерінен шықпай-ақ өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы ваучер ала алады. Мұны қалалық, аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінде, аудандарда да өзіне-өзі қызмет көрсету секторы мамандарының көмегімен жүзеге асыруға болады. Барлығы 3 мыңға жуық адам жолдама алды», — деді Азамат Мәмбетов.
Әлеуметтік қызметтер порталында Қазақстандағы 60-тан астам санаторийлердің тізімі берілген. Портал арқылы тегін билет пен жергілікті бюджет есебінен жеңілдік алғандардың бірі – Наурызбек Шәкиев.
«Оған дейін шипажайға тегін жолдама тек маған ғана берілетін. Ал көмекші өз ақшасын жұмсауға мәжбүр болды. Биыл жеке көмекшіге санаториялық-курорттық жолдама алдым, соның арқасында кешенді емделдім. Мен бұған өте қуаныштымын. Бұрын қаражаттың жетіспеушілігінен біз күтілгендей 14 күн емес, аз емделетінбіз», — дейді І топтағы мүгедектігі бар Наурызбек Шәкиев.