Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар жандар 67,3 мыңға жуық техникалық оңалту құралдарын, 6,1 мыңы – ымдау тілі қызметін, 23,7 мыңы – жеке көмекшінің қызметтерін алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА хабарлайды.
Портал мүмкіндігі шектеулі жандарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек көрсету түріне тапсырыс көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берген техникалық оңалту құралдарын жеткізу немесе өздігінен жеткізу арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен, сондай-ақ мүгедектігі бар жандар арбаларымен қамтамасыз етуді қамтиды.
Бүгінгі таңда порталда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 847 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімше), 353 оңалтудың техникалық құралдарын жеткізушілер, 26 мыңнан астам жеке көмекші қызмет көрсетуші, 677 ымдау тілі және 99 санаторий-курорттық емдеу тіркелген.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ұлттық жоспардың шеңберінде қарастырылған.
Порталды пайдалану бойынша кеңестерді 1414 бірыңғай нөмірі арқылы қол жеткізуге болатын байланыс орталығынан алуға болады.