Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы арнайы білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне конкурс жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушылар бес номинация бойынша өз күштерін сынай алады. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринованың айтуынша, байқау дәстүрлі түрде екі кезеңде – іріктеу және финалдық кезеңде өтеді.
«Арнайы білім беру ұйымдарының мұғалімдері шақырылады. Бірінші кезеңде қатысушылар жоспар-сызбамен сабақтың бейнежазбасын ұсынуы керек. Екіншіден – кәсіби қызмет портфолиосы, әдістемелік жүйелер туралы презентация және оң жұмыс тәжірибесі. Байқау педагогикалық жұмыстың беделін арттырып қана қоймай, тәжірибе алмасуға, жеке тұлғаның әлеуметтік және кәсіби ресурстарын және педагогтардың шеберлігін дамытуға бағытталғанын атап өтемін», – дейді Әйгерім Күдеринова.
Айта кетейік, бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 5 қыркүйегіне дейін жалғасады. Толық ақпаратты @specialedu.kz немесе special-edu.kz сайтынан алуға болады.