Now Reading
Ерекше жандарды қолдау – қоғам міндеті
Inva.kz информационный портал социальных новостей Казахстана. Инва кз > Новости > Ерекше жандарды қолдау – қоғам міндеті

Ерекше жандарды қолдау – қоғам міндеті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірін жақсарту туралы заңға қол қойғаннан бері елімізде барлық деңгейдегі әкімдіктер жанынан аудан, облыс және қала әкімдерінің инклюзия мәселелерімен айналысатын штаттан тыс кеңесшісі тағайындалды. Өзі қоларбаға таңылса да, салауатты өмір сүруді бір сәтке де тоқтатпаған осындай белсенді жандардың бірі – Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы әкімінің кеңесшісі, Elaman әлеуметтік инновациялық жобалар қорының мүшесі Жанат Қабдолла.

 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Жанат Қабдолла өткен жылдың 13 шілдесінен бері осы аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен айналысып келеді. Ай сайын төрт рет, сәрсенбі күндері аудан аумағындағы ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жеке қабылдап, толғандырған мәселелерді мұқият тыңдап, қолдан келгенше оларды дер кезінде шешуге атсалысады. Өйткені мұндай жандардың мұң-мұқтажын Жанат жақсы біледі.

 

– Жеке қабылдауыма келген тұрғындардың барлығы дерлік баспана мәселесін, мүгедектігі бар адамдар үшін аула аумақтарында пандустың жоқтығын, көшедегі кедергілерді алға тартады. Бұл ретте біз мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қала көшелері мен нысандарының қолжетімділігін тексереміз. Осылайша, өткен жылы теміржол вокзалында, мектептерде, әлеуметтік нысандарда тексеру жүргізілді. Кейбір мәселелер бойынша ескертулер жасалды, ұсыныстар берілді. Түзету жұмыстары әлі де жүріп жатыр, – деді Жанат Қабдолла.

 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері оған жете таныс. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар әйелдер мен балаларға оңай емес. Олар да қоғамның басқа мүшелері секілді жұмыс істеп, еңбек еткісі, тіпті жақсы өмір сүргісі келеді. Ол үшін мұндай жандарға кедергісіз жайлы орта қалыптастыру қажет.

 

Бүгінгі таңда Астанада 32 200-дей мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Бұл ретте әлі де шешімін күткен мәселе көп. Мысалы, Сарыарқа ауданындағы тұрғын үйлердің дені ертеде салынған ескі болғандықтан, ондағы лифтілер тым тар, ерекше қажеттілігі бар адамдардың көбі оны өз бетімен шақырта алмайды.

 

– Иә, лифтілер проблемасы – бұл өте маңызды мәселелердің бірі. Ауданымызда өткен ғасырдың 50-60-жылдары салынған көне үйлер бар, олардың лифтілері тым тар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуына өте ыңғайсыз, кейде тіпті оған сыймай қалатын кездер де болады. Егер мұндай ескі ғимараттарда мемлекеттік мекеме орналасса, тек бірінші қабатта болуы керек деп ойлаймын. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жерде тең және жайлы орта қалыптасып, олардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы керек, – деді Сарыарқа ауданы әкімінің кеңесшісі.

 

Инклюзивті білім беру мәселесін ел Президенті 2021 жылдың маусым айында бекітті және мектептерде мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша жағдай жасалып, арнайы орталықтары ашылды. Дефектолог мамандар, педагогтар қайта даярлаудан өтуде.

 

– Қалада ерекше қажеттілігі бар оқушыларға арналған мектептер бар, бірақ мұндағы пандустар, қоңырау түймелері дұрыс орнатылмаған. Біз оған мектептерге мониторинг жүргізу барысында көз жеткіздік. Алдағы уақытта жағдай түзеледі деген үміттеміз. ҚР Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай еліміздегі мектептер мен балабақшалар толықтай және жоғары оқу орындары мен колледждердің 70%-ы инклюзивті білім беруге көшеді. Сол үшін қазірден бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісінше жағдай жасалуы тиіс, – деді Ж.Қабдолла.

 

Әкім кеңесшісінің айтуынша, елордада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі салаларда жеңілдіктер қарастырылған. Біріншіден, мүгедектігі бар адамдар жәрдемақы түрінде мемлекеттік көмек алады. Жыл сайын техникалық құралдармен, қоларбалармен, күтім құралдарымен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік көмекші құқығы, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға жәрдемақы түрінде көмек те қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар және олар санаториялық-курорттық емдеуді жылына бір рет тегін рәсімдей алады. Ол портал арқылы беріледі. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар көлік құралына арналған салықтан, жер салығынан, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандар мүлік салығынан босатылады. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі адамдар сотта тегін заң көмегіне, қоғамдық көлікте тегін жол жүру мүмкіндігіне ие.

 

– Білім беру саласында бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балалар үшін орта және жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде 0,5% мөлшерінде қабылдау квотасы көзделеді, стипендиялар бойынша жеңілдіктер беріледі. Табысы төмен 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматшаларға жалға берілетін тұрғын үйдің 50%-ын субсидиялауға өтініш бере алады. Мүгедектігі бар адаммен жасалған еңбек шарттарында қызметкердің жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, жұмыс орындарын жабдықтау шарттары болуы керек. Мұндай жандарды қосымша жұмыс уақытына тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекші, есту қабілеті нашар адамдар үшін жест тілі маманының әлеуметтік қызметтерін ұсыну, құқықтық көмек көрсету мүмкіндіктері қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдар осындай және басқа да көптеген жеңілдіктерге ие бола алады, – деді әкім кеңесшісі.

 

Мүгедектігі бар адамдар жұмысқа, ауруханаға, басқа да қызмет көрсету орындарына бару үшін инватакси қызметін тегін пайдаланады. Инватакси қызметін пайдалану үшін келесі құжаттарды: жеке басын растайтын куәлік, мүгедектігі туралы анықтама, 026/е нысаны бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын ұсыну қажет. Тек ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған қызметтің бұл түрін пайдалану үшін бір күн бұрын басқару бөлмесіне қоңырау шалып, алдына ала жазылуы керек.

 

 

Источник: Астана ақшамы

0
Tags :
No More Posts
Контакты диспетчерских служб инватакси

г.Астана +7 (7172) 48-19-16, пр.Аблайхана 43/1

г.Алматы +7 (7273) 46-62-22, ул.Валиханова 115

г.Атырау +7 (7122) 36-68-42

г.Актобе +7 (7132) 77-65-65 ул.Маресьева 4, «3»

г.Актау +7 (7213) 42-94-51

г.Жезказган +7 (7102) 77-30-80

г,Караганда  +7(7212) 33 07 54+7(7212) 56 54 86 , +7(7212) 51 78 18

г.Кокшетау +7 (7162) 76-16-00, ул.Пушкина 11 «А»

г.Костанай +7 (7142) 50-33-49, ул.Павлова 65

г.Кызылорда +7 (7242) 27-81-49

г.Петропавловск + 7 (7152) 39-76-87, +7( 7132) 46-11-50

г.Семей +7 (7222) 77-42-89

г.Талдыкорган + 7 (7282) 24-34-63

г.Тараз +7 (7262) 43-57-69

г.Туркестан + 7 (725 33) 7-25-41

г.Темиртау + 7(7213) 91-45-42, +7(7213 )91-45-43

г.Усть-Каменогорск +7 (7232) 61-26-40, Сатпаева проспект 36
КШТ микрорайон

г.Уральск +7 (7112) 50-05-06

г.Шымкент +7 (7252) 43-36-77, +7(7252) 43-32-30, +7(7252) 28-38-98 (социальное такси)

г.Экибастуз +7 (7187) 22 12 89, +7(7178)75-47-85

×