Елордада ерекше білім беруді қажет ететін балалар арасында «Біздің таланттар» байқауы өтті
Астанада ерекше білім беруді қажет ететін балалар арасында «Біздің таланттар» республикалық байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқаудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың дарындылығын ашу. Республикалық байқаудың I (қалалық) іріктеу кезеңіне ерекше білім беруді қажет ететін 80-ге жуық бала қатысуда.
«Өнер байқауы екінші рет өткізіліп отыр. Оған 3 жастан 10 жасқа дейінгі балалар қатысады. Сахнада ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетеді. Ең бастысы, әрбір бала назардан тыс қалмайды. Ал байқау соңында мақтау қағаздары мен сыйлықтарды табыстаймыз», — дейді Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің мазмұн және әдістеме бөлімінің бас маманы Гүлшат Исинова.
Байқауға 3 пен 10 жас аралығындағы 80-ге жуық бала қатысуда. Олар 6 номинация бойынша сынға түседі. Олардың қатарында «Алтын дауыс», «Үздік декларатор», «Кішкентай биші», «Бастауыш әртіс», «Оркестр» және «Бармағынан бал таңба» номинациялары бар.
«Бүгінгі жарысқа 6 жасар қызымды алып келдім. Медина «Алтын дауыс» номинациясы бойынша «Анашым – алғашқы сөз» әнін орындайды. Қызымның көңіл-күйі жақсы. Таңертең үйден шыққанымызда: «Мен көйлегімді киемін, сахнаға шығып ән айтамын» деді. Әр ананың жүрегі бала үшін соғады. Қызым сахнаға шығып, өнер көрсеткенде толқып кетемін», – дейді ата-ана Меруерт Мұхамеджанова.
Жалпы, қазіргі уақытта Астанада ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, интеграциялау және әлеуметтендіру мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Сәтті әлеуметтену шарттарының бірі – баланың табиғи тәжірибесі және құрдастарымен қарым-қатынасының, сүйікті шығармашылық түрімен айналысуының оң әсерлері. Сондықтан қазіргі заманғы арнайы білім беру жүйесінің басым бағыты – жас ұрпақтың бойында шығармашыл тұлғаны дамыту.
Психология тұрғысынан мектеп жасына дейінгі балалық шақ – шығармашылық қабілеттердің дамуына қолайлы жағдай жасау. Бұл жаста балалар өте ізденімпаз, олардың қоршаған әлемді білуге деген құштарлығы жоғары.
Бүгінгі күннің басты мақсаты – осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру.