Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан интернетті пайдалану үшін балаларға арналған SIM картасын енгізуді ұсынды.
«Біз балалардың SIM картасын енгізуді ұсынып отырмыз, ол ата-аналардың бақылауында. Яғни, бала интернетке осы SIM картасы арқылы қосылса, ата-анасының рұқсаты қажет. Біз осы жүйені енгізуді ұсынамыз. Бұл баланы бақылауға көмектеседі: ол қай әлеуметтік желілерде отырады. Біз сондай-ақ баланы уақытпен шектей аламыз. Ол түнде интернетте отырады, экран уақытын шектеу керек. Мұны біз Оқу-ағарту министрлігі ретінде ұсынатын боламыз», — деді Еділ Оспан Мәжіліс алаңында журналистердің сауалдарына жауап бере отырып.
Сондай-ақ ол бұл мәселе министрлікте әлі де талқыланып жатқанын қосты.
«Бұған дейін техникалық мүмкіндіктерді зерттей келе, біз мұны дұрыс деп санаймыз, бұл қазірдің өзінде өте өзекті болып отыр. Біз балаларымыздың денсаулығы мен психикасы үшін қауіпсіз «ақ» сайттарда отыруын қамтамасыз етуіміз керек. Осыны алдымен құзырлы мемлекеттік органдармен талқылап, сосын ұсынатын боламыз. Менің ойымша, бұл барлық адамдар үшін заң нормасы болуы тиіс», — деді Еділ Оспан.