Талдықорғанда 41 жастағы әйел студенттердің атынан 24 миллион теңгеге несие алған.
41 жастағы әйел шағын несие ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы қолма-қол ақшалай мен тауарлық несиелер алып, салдарынан 16 адам зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеден асқан. Алданған жандардың басым бөлігі 20-23 жас аралығындағы жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері болған.
Күдікті өткен жылдың соңында қамауға алынған. Оның әрекеті Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы «Алаяқтық» бойынша тіркелген. Айыпталушы әйелге «елден шықпау туралы және дұрыс мінез-құлық таныту туралы жазбаша міндеттеме» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Жәбірленушілер соттың аяқталуын күтпей-ақ, алаяқтық әрекеттері бойынша бұлтартпас дәлелдер жинап үлгерген Талдықорған қалалық полициясының тергеушісіне алғыстарын білдірді.
«Қоғамның наразылығын ескере отырып, қылмыстық істің тергелуі қадағалау органы мен облыстық ДП-ның ерекше бақылауында болды. Іс сотқа жіберілгеннен кейін жәбірленушілер тергеуші Надия Нұралиноваға атышулы істі тергеудегі объективтілігі үшін алғыстарын білдірді», — деді Талдықорған қалалық ІІБ бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.