Зейнеткерлер емделуге және баспана сатып алу үшін барлық жинақ ақшасын ала алады, — деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Әлеуметтік кодекс аясында 1 шілдеден бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар зейнеткерлерге жинақталған зейнетақы қаражатының барлық сомасын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсау құқығы берілгені хабарланды.
«Яғни, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтілі бойынша зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы біржолғы зейнетақы төлемдерін алу үшін жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға «Отбасы банкі» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ немесе екінші деңгейлі банктерге жүгіне алады.
Біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеуге пайдалану үшін жоғарыда аталған интернет-платформа арқылы «Отбасы банкі» АҚ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ғана жүгіну қажет», — делінген хабарламада.
75 мың қазақстандық зейнетақы жинақтарын ала алады.
Еске салайық 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ азаматтарға жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу сияқты әлеуметтік мақсаттарға пайдалану құқығын берді.
Бұл құқықты келесі санаттар пайдалана алады:
• БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын соманың бір бөлігін пайдалана алады;
• зейнетақысы алатын табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50% дейін пайдалана алады;
• Зейнетақы аннуитетін берген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасы шегінде.
Бұл ереже жұмыс істейтін азаматтарды да, зейнеткерлерді де қамтиды.