Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысы «Мүгедектігі бар жандардың құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды», — делінген сәрсенбіде тараған хабарламада.
Факультативтік хаттаманы ратификациялау БҰҰ Мүгедектігі бар жандар құқықтары жөніндегі комитетінің мүгедектігі бар жандардың жеке хабарламаларын (шағымдарын) қабылдау және қарау құзыретін мойындауды білдіреді. Хаттамаға сәйкес, мүгедектігі бар азаматтар Конвенция ережелерін бұзған жағдайда осы Комитетке шағыммен жүгіне алады.
Егер Конвенцияда бекітілген құқықтардың елеулі немесе жүйелі түрде бұзылуын көрсететін шағым немесе хабарлама бойынша сенімді ақпарат алынса, Комитет тиісті қатысушы мемлекетке және шағымданушыға өз ұсыныстары жібереді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының шарттық органдарының ұсыныстарын қарау тәртібі Бас прокуратураның, Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен бұйрығымен (2022 жылғы 1 ақпандағы «Құзыретін Қазақстан Республикасы таныған шарттық органдардың Адам құқықтары саласындағы өтініштер мен шешімдерді қараудың кейбір мәселелері туралы» реттеледі.
Әрекеттер алгоритмі келесідей болады:
1) Сыртқы істер министрлігіне ұсыныс беріледі;
2) Министрлік оны Бас прокуратураға жолдайды;
3) Бас прокуратура уәкiлеттi органдармен бiрлесiп түскен ұсыныстың құқықтық талдауын жүргiзедi және өз ұйғарымын Әдiлет министрлiгiне жiбередi;
4) Әділет министрлігі осы анықтаманы ведомствоаралық комиссияда қарайды және шешім қабылдайды;
5) Әділет министрлігі осы шешімге сәйкес Комитетке Қазақстанның ұстанымын жеткізеді.