Қостанай облысының әкімдігі мемлекеттік мекемедегі тергеу жұмыстары туралы ештеңе білмейтіндерін айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Рудный қаласындағы №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында (қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған мектеп-интернат) сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Бұл деректі Қостанай қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің филиалы растады. Бірақ олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді дегенді алға тартып, басқа мәліметтер ұсынбаған.
Тергеушілер орталықтың қайтыс болған жандардың зейнетақы қаражатын ұрлау деректері бойынша алаяқтықты тексеруде.
Орталық басшысы Татьяна Щербакованың мүддесін қорғайтын заңгер Қанат Мейрамов түсініктеме беру сауалына жауап ретінде тергеудің аяқталуын күтуді ұсынды. Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (орталық оған бағынысты) тергеу барысынан бейхабар екенін мәлімдеді.
Мекеменің сайтында хабарланғандай, орталықта 110 мүгедектігі бар жан мен 200 қария тұрады.