Қызылорда тұрғындары мемлекеттік бағдарлама бойынша сусыз, газсыз, жарықсыз пәтерлерге ие болды.
Қызылордада көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бір жарым айдан бері «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша сатып алынған пәтерлеріне қоныстана алмай жүр. Шенеуніктер оларға ауыз су мен жарықсыз, газсыз, жолсыз үй берген. Мемлекет миллиондаған қаржы жұмсаған пәтерлердің терезелері сынған, батареялары жарылған. Тұрғындардың айтуынша қала басшылығы кемшіліктер жойылады деп бос уәдемен ғана шектелуде.
Мамыр айының аяғында жеңілдетілген несиемен баспана алу кезегі жеткенде көп балалы ана Анар Әбжалиева қатты қуанды. Жаңа үйіне келген әйел су, газ, жарық жоқ екенін көрген. Ол жалдамалы пәтеріне оралуға мәжбүр болған.
«Көптеген пәтерлердің батареялары жарылған. Ауласы асфальтталмаған, қоршалмаған. Пәтердің ақшасын төлеп, ипотеканы төлеп жатырмыз. Үмітсіз жағдайда қалдық», — дейді Анар Әбжалиева.
Пәтер алған басқа да адамдар пәтерлеріне қоныстана алмауда.
«Мердігер жарық жоқ дейді – әзірге шырақпен отырыңыз деген жауап алдық. Құрылыс бөлімінің бастығы газ жоқ — электр плитасын пайдалан тұрыңыз деді. Бізді мазақ етіп отыр. Осы мәселелер қашан шешілетіні әзірге белгісіз», — дейді осы үйдің тұрғыны Дархан Жұмағұл.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үйлер 2021 жылы салынып, мемлекет меншігіне өтті. Құрылысқа бюджеттен 500 миллион теңге жұмсалды. Құрылыс бөлімінің басшысы бұрын ешкім тұрмаған жаңа пәтерлерде кемшіліктер өздігінен пайда болғанын айтады.
«Екі жылдың ішінде өзінен-өзі проблемалар туындады. Батареялар пневматикалық емес, гидравликалық сынақтан өтті. Ішінде су қатып қалғандықтан олар жарылып қалды. Қазір олар толығымен қалпына келтірілуде», — дейді Қызылорда облысы бойынша құрылыс департаментінің жетекшісі Айдын Әнуар.
Билік алдағы күндері су мен жарық қосылады деп тағы да уәде беріп отыр. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен пәтерлердің ішіндегі кемшіліктерді түзетеміз деп сендіруде. Ипотекалық несиесін төлеп, бірақ жаңа үйге көшуге мүмкіндігі жоқ жалға алушылардың билік тарапынан айтылып жатқан уәдеге сенуден басқа амалы жоқ.