Астана автобустарында жол жүру құны өсе ме, қосымша бағдарлар ашыла ма, елордада да автобустар түнде жүре ме? осы және өзге де сауалдарға Байланыс қызметі сайтында «№1 автобаза» АҚ басқарма төрағасы Медет Шақаев жауап берді.
Шақаевтың айтуынша, биылғы жылы бірінші автопарк 320 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Осының арқасында ол қызмет көрсететін бағыттардағы жылжымалы құрам саны артып, автобустар арасындағы аралық 10-20 минуттан 8-10 минутқа дейін қысқарады.
«Нақтырақ айтсақ, бұл 4, 5, 8, 32, 54, 71 және 73-бағдарлар – Көктал-1, Көктал-2; 24, 30-бағдарлар – Өндіріс ауданы; 35, 36, 45-ші бағдарлар – Үркер; 7, 9, 17, 29, 44, 61- бағдарлар – Жағалау ауданы, Интернациональный, 1-ші және 6-шы бағыт –Кірпіш зауыты. Бұл бағыттарға қосымша кестелерді толығымен қосамыз», — деп уәде берді автобус паркінің басқарма төрағасы.
Сонымен қатар Шақаев биыл алты жаңа бағыттың ашылатынын хабарлады.
«Жаңа ықшамаудандар мен тұрғын аудандар пайда болғаннан кейін қосымша алты бағыт ашылады. Қазір оларды Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы «CTS» ЖШС-мен бірлесіп әзірлеуде», — деді спикер.
Медет Шақаевқа Астанада түнгі автобустардың іске қосылуы туралы да сұрақ қойылды.
«Біз мұны мақсатқа сай деп санамаймыз, өйткені бұл пайда әкелмейді, жолаушылар тасымалы болмайды, бұл да шығынға әкелуі мүмкін», — деп жауап берді ол.
Шақаевқа сондай-ақ елордада қоғамдық көлік құнының өсуі күтілуде ме деген сұрақ қойылды. Мұндай мәселе бүгінде күн тәртібінде жоқ деп жауап берді. Бұл ретте автопарк басқармасының төрағасы жол ақысын төлеу мәселесі өте нашар екенін атады.
«Жолаушылардың кем дегенде 51 пайызы жол ақысын төлемейді. Бұл біздің шығынымыз, жалақымыз, уақытында сатып алынған қосалқы бөлшектеріміз, жанар-жағармайларымыз. Елорда қонақтары мен тұрғындарын жол ақысын төлеуге шақырамын. Бүгінгі жағдай өте өкінішті, 100 адам тасымалдайтын болсақ, 51 адам жол ақысын төлемейді», — деді Шақаев.
Автопарк басқарма төрағасы автобусқа диспетчерлер кірген кезде төлем жүйесі жабылатынын ескертті. Сондықтан келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жол ақысын автобусқа мінер кезде бірден төлеу керек.