Ақмола облысында мүгедектігі бар азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету аясында 667 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны арнайы бейімделді. Оның ішінде 475 нысан ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толығымен бейімделген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазақстанда 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі юар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «АМАНАТ» партиясының жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Кедергiз келешек» жобасы жүзеге асырылуда.
Жоба бүкіл ел бойынша бейімделуі қажет 22 000 аса нысанды анықтады. 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын 4400 нысан қайта бейімделуі тиіс. 1 шілдедегі жағдай бойынша 9128 нысан бейімделген.
Ақмола облысында 5 жылда барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтар үшін 1294 нысанды бейімдеу қарастырылған. 2021-2023 жылдар аралығында бейімдеуге жоспарланған 776 нысанның ішінде жергілікті атқарушы органдар 667 нысан бойынша бейімдеу шараларын жүргізді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізген «постбақылау» тексерулері барысында 475 нысанның толық бейімделгені расталды.
Мәселен, облыста мемлекеттік мекемелер мүгедектігі бар азаматтардың барлық санаттары үшін қолжетімді – 104 (77 әкімдік, 13 жергілікті атқарушы органдардың басқармалары, 6 департамент, 1 департамент, 2 аудандық сот, 5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы);
денсаулық сақтау объектілері – 66 (13 аурухана, 7 емхана, 1 медициналық пункт, 31 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік амбулатория, 9 медициналық пункт);
білім беру объектілері – 171 (135 мектеп, 13 балабақша, 14 колледж, 2 үйлестіру кабинеті, 2 музыка мектебі, 4 университет ғимараты, 1 оқу-өндірістік комбинат);
мәдениет объектілері – 52 (27 мәдениет үйі, 3 мұражай, 2 мұрағат, 4 кітапхана, 1 театр, 1 демалыс базасы, 12 ауылдық клуб, 2 шығармашылық үйі);
спорт нысандары – 9 (1 спорт сарайы, 8 спорт мектептері мен кешендері);
қызмет көрсету саласының басқа объектілері – 73 (10 банк филиалы, 11 халыққа қызмет көрсету орталығы, 5 пошта бөлімшесі, 21 сауда үйі, дүкендер, 9 дәріхана, 1 стоматология, 5 вокзал және т.б.).
Ішінара бейімделген санатқа жатқызылған 192 нысанда 276 ереже бұзушылық фактілері анықталды: есту қабілеті бұзылған тұлғалар бойынша – 36; көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін – 111; тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін – 42, мүгедектігі бар азаматтар арбасында жүретіндер үшін – 87.
Жергілікті атқарушы органдарға бейімдеу іс-шараларын аяқтау мақсатында анықталған ескертулерді жою бойынша ұсыныстар берілді.
Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін тағы 109 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Сонымен қатар мемлекеттік бақылау аясында департамент тарапынан әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 32 тексеру жүргізілді, оның ішінде 25 профилактикалық бақылау, 7 өтініш негізінде және тапсырмалардың орындалуын бақылау мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Барлық тексерістердің нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою туралы 25 ұйғарым шығарылды, 2,4 млн теңгеден астам сомаға 2 әкімшілік айыппұл салынды.
Профилактикалық бақылау жүргізу кезінде объектілердің иелеріне кемшіліктер бастапқы анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы ұйғарым ғана шығарылады. Бұйрықты белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда айыппұл салынады.