Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт сөндіру, авариялық-құтқару және басқа да қызметтер тізбесіне толықтырулар дайындады, бұл қызметтерге қосылу байланыс қызметтерін пайдаланушылар үшін тегін.
Атап айтқанда, тізім жаңа нөмірмен толықтырылды:
Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі «111 Аманат» байланыс орталығы – 111 нөмірі.
Бұл нөмір барлық қазақстандықтарға ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық сипаттағы тегін байланыс қызметтерін, сондай-ақ психологиялық көмек көрсетуді, азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелер бойынша бастапқы кеңес беруді қамтамасыз етеді.
Ендеше балалар мен ересектер қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар құқығының бұзылуы, баланың көшеде, көлікте немесе үйде жалғыз қалғаны туралы, оның өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, зорлық-зомбылық пен қатыгездік жасалса т.б жайттар туралы осы нөмірге хабарласа алады.
Бұрын бұл нөмір «Аманат» партиясының жанынан жұмыс істесе, қазір 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен бірге мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметінің бірыңғай тізіміне енді.
Құжат 18 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА веб-сайтында орналастырылған.