Таразда мүгедектігі бар жандар күні қарсаңында түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығы ашылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісінде мүгедектігі бар жандар күні атап өтіледі.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуметтік оңалту орталығының салтанатты ашылуына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашүкеев, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова қатысты.
– Мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру олардың қоғамға толыққанды енуіне және оларға қолжетімді орта жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «…қоғамдық игіліктердің жоғары деңгейіне және халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсетуге» кепілдік берді. Мүгедектігі бар жандарды оңалту және бейімдеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, деп атап өтті Ербол Қарашүкеев.
Ербол Қарашүкеев пен Назгүл Сағындықова қонақтармен бірге жаңа орталықты аралап, материалдық-техникалық базасымен танысып, осында ем қабылдап жатқан тұрғындармен әңгімелесті.
Орталықтың құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінді. 150 орындық ғимарат 5 блоктан тұрады, мұнда 3 қабатты медициналық корпус, 2 қабатты аурухана, асхана, бассейн, акт залы және спорт залы бар.
Орталықта I және II топтағы мүгедектігі бар жандарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің әртүрлі түрлері көрсетіледі, соның ішінде жаттығу терапиясы, су астында емдеу, физиотерапия, парафинмен емдеу, инемен емдеу, емдік массаж, дәрігер Бубновскийдің әдісі бойынша экстракция, тұз шахтасы.
Сондай-ақ тігін және қыш шеберханалары, сурет шеберханасы, мүсін шеберханасы, аяқ киім жөндеу, ағаш өңдеу шағын цехтары, музыкалық студия, театр клубы бар.
Әлеуметтік қызмет көрсету мерзімі мүгедектігі бар жандардың денсаулық жағдайын ескере отырып, 43 күннен 6 айға дейін. Орталықта жыл сайын мың адам оңалтудан өтеді деп жоспарлануда.
1,2 миллионнан астам тұрғыны бар Жамбыл облысында 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Қажетті арнаулы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуге 3,6 млрд теңге бөлінді.
Облыстағы 21 медициналық-әлеуметтік мекемеде 1689 тұрғынға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл мақсаттарға 7 миллиард теңге бөлінді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова республика бойынша 12 әлеуметтік оңалту орталығын ашу жоспарланып отырғанын, мұндай орталықтың алғашқысы Семейде, екіншісі Таразда ашылғанын атап өтті.