Осы демалыс күндері 14 және 15 қазанда Астанада кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Оған Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының өнім өндірушілері қатысады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
14 және 15 қазанда сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылы 50 мекенжайы бойынша Өнер университеті ғимаратының жанындағы алаңда Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындарының қатысуымен жәрмеңке өтеді.
Жәрмеңкеге Шығыс Қазақстан облысынан 9 аудан, Солтүстік Қазақстан облысынан 13 аудан мен Петропавл қаласының диқандары қатысады.
Шығыс Қазақстан облысының шаруа қожалықтары мен өндіруші кәсіпорындары Астана тұрғындарына экологиялық таза және табиғи сапасы жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынбақ.
Өнім ассортименті 40-тан астам тауарды қамтиды. Оның ішінде: 49,2 тонна бал, 2 тонна шұжық, 8 тонна сүт өнімдері, 16 тонна өсімдік майы, 3 тонна ұн және жарма, 9 тонна балық, 29,8 тонна ауыл шаруашылығы жануарлары мен құс еті, 4 тонна қымыз және ұлттық өнімдер, 700 литр алкогольсіз сусындар және т.б. болады.
Шығыс Қазақстан облысының тауар өндірушілері Астанаға барлығы 244,5 млн теңгенің 123,2 тонна өнімін әкелді.
Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары елорда қонақтары мен тұрғындарына келесі өнімдерді ұсынбақ: 100 тонна барлық түрдегі ет, 495 тонна картоп пен көкөніс, 33 тонна сүт өнімдері, 120 мың дана жұмыртқа, 5 тонна балық, 10,5 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері, 75 тонна ұн және макарон өнімдері, 12 тонна басқа да өнімдер.
Жалпы өндіріс көлемі 733 тоннадан астам.
Дәстүр бойынша жәрмеңкедегі бағалар базар бағасынан төмен болады.