Зағип және нашар көретін адамдарға арналған мұражай экспонаттары алғаш рет Қарағанды облысында пайда болды.
«Тактильді архитектура» жобасын Теміртау тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері әзірледі. Мүсінші Юрий Соловьев металлургтер қаласы үшін маңызы зор рельефтік ғимараттар мен ескерткіштерді бейнелеген. Мұражайдың 50 жылдық мерейтойына жаңа кейіпке енген «Теміртау Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында» залында сәулеттік тақталар орналастырылған. Алдағы уақытта тактильді экспонаттардың саны артады.
Светлана Трещева, Теміртау тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:
— Бұл бедерлерді жасағанда ұсақ-түйек детальдер жасай алмайсыз, өйткені зағип адамның қабылдауы өте қиын. Әрбір рельефке қосымша ақпараттық блок бар, ол Брайль қарпімен, қазақ және орыс тілдерінде жасалған. Бұл блок осы немесе басқа нысанның қалай көрінетіні туралы ақпаратты қамтиды. Қарағандыдан маман шақырдық. Бұл тифлолог-реабилитолог, экспонаттарымызды тексеріп, өте жоғары баға берді.