Астана халықаралық әуежайынlа арбамен билеуден әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қарсы алу салтанаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Еске сала кетейік, әлем чемпионаты 24-26 қараша аралығында Италияның Генуя қаласында өткен болатын. Елорда намысын Ардақ Отарбаев, Севда Алиева, Айдана Бегленова, Аруа Бехайри қорғады. Мүгедектер арбасында биден әлем чемпионаты 4 жылдан кейін өтеді. Жарыс алдында бірнеше халықаралық лицензиялық турнир ұйымдастырылды.
Спортшыларды отбасы, достары мен жанкүйерлері қарсы алды.
«Жарысқа 24 елдің спортшылары қатысты. Ал ұйымдастыру деңгейі жоғары болды. Бұл әлем чемпионатын 4 жыл күттік. Пандемияға байланысты әлем чемпионатының уақыты кейінге шегерілді. Бұл жарысқа қатысу үшін біз көптеген лицензиялық халықаралық жарыстарға қатысып, бақ сынадық, талмай, тыңғылықты дайындалдық. Спортшылар аянбай еңбек етті, әрбір жаттығу, әрбір лицензиялық жарыс бізді әлем чемпионатына жақындата түсті. Ең бастысы мақсат айқын болды: жеңіске жету және әлем чемпионы болу. Мақсат орындалды! Жеңімпаздар тұғырынан Қазақстанның туын көтерген спортшыларды мақтан тұтамын», — деп өз эмоцияларымен арбадағы би бапкері Әлия Түсіпбекова бөлісті.
Елордалық команда жақсы нәтижелерге қол жеткізді: 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Ардақ Отарбаев 1класс бойынша 3-орынға ие болды. Севда Алиева мен Ардақ Отарбаев DUO LATIN CLASS 1 класс 1 орын, DUO FREESTYLE 1 класс 1-орын, DUO STANDART CLAS 1 класс 2-орынды иеленді.