Алаяқ зейнеткерлерді алдау үшін күрделі схема ойлап тапқан.
Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны зейнеткерлерден алаяқтық жолмен 11 миллион теңге алып кеткен, деп хабарлайды Абай аудандық қылмыстық атқару жүйесі департаменті.
Жас жігіт әлеуметтік қызметкердің атын жамылып, жалғызбасты зейнеткерлердің үйіне бару арқылы жоспар құрған. Қала әкімдігінен тегін тамақ береміз деген желеумен зейнеткерлерге азық-түлік тапсырып, кейін жеке куәліктерімен суретке түсірген. Ол бұны басшыларға есеп беру үшін қажет деп жалған мәлімдеген.
Артынша қылмыскер алаяқтық жолмен несие алу үшін банктің мобильді қосымшасында «онбординг» (биометрика) процесі кезінде зейнеткерлердің суреттерін пайдаланған. Осылайша жеті зейнеткерді алдап, жалпы сомасы 11 миллион теңге материалдық шығын келтірген. Алаяқ заңсыз иемденген мүлікті бұрыннан бар қарыздарын жабу үшін пайдаланған.
Сот алаяқ әлеуметтік қызметкерді жалпы режимдегі колонияда бес жылға бас бостандығынан айырды.
«Сотталған Семей қаласының аралас қауіпсіздік мекемесіне келді. Қазір сотталғанды танып білудеміз», — деді мекеме басшысының орынбасары Нұржан Шидебаев.