Қазақстанда мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақылар қарастырылған, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне, сондай-ақ «Республикалық бюджет туралы» заңда тиісті қаржы жылына белгіленген күнкөріс деңгейіне байланысты тағайындалады.
Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушысының асырауындағылардың санына, қайтыс болу себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.
Бұл ретте 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері өмір сүру минимумының өсуіне байланысты 8,5%-ға ұлғайтылды, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап олар қосымша индексацияланды. Төлемдер өсімі орташа алғанда 14,5% болмақ.
«2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жалпы аурудан мүгедектік бойынша МЖМ мөлшері 1-топқа — 89 248 теңге, 2-топқа — 71 398 теңге, 3-топқа — 48 681 теңгені құрайды», — деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады.
Төлемдер мөлшері жеке болып табылады және мыналарға байланысты: соңғы екі жылда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, мүгедектік деңгейіне, асырауындағылар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты ауыстыруға байланысты болады.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін осындай төлемдерге қосымша төленеді, олардың мөлшері де Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға ұлғайтылды.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері – 46 681 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 51 663 теңге.