Елордада «10 игі іс» акциясы аясында бірқатар шаралар өтуде. Байқоңыр ауданы әкімдігінің бастамасымен «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еріктілері жалғызбасты зейнеткерлердің ауласындағы қарды тазалауға көмектесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінгі акция барысында елордалық еріктілер Байқоңыр өңірінде жалғыз тұратын зейнеткерлерге, ҰОС және тыл ардагерлеріне көмек көрсетті.
Темірлан есімді еріктінің айтуынша, мұндай әрекеттер аға ұрпаққа деген құрметтің бір белгісі.
«Жыл сайын аудан әкімінің бастамасымен жалғызбасты, көмекке зәру қарттарға көмек көрсетіледі. Мереке қарсаңында мұндай акция қала тұрғындарын қуантары сөзсіз. Бір үйдің ауласындағы қарды шығару арқылы еріктілер қарттардың батасын алады. Барлық еріктілерді елордада өтетін осындай іс-шараларға қатысуға шақырамын», — деді ол.
Сондай-ақ зейнеткерлерге азық-түлік қоржындары мен жаңа жылдық тәттілер салынған шағын сыйлықтар табыс етілді. Қарттар өз кезегінде жастарға көмек көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.
«Бүгін менің аулам қардан тазартылды. Үй жеке болғандықтан, қар жиналады. Еріктілер келіп көмек көрсетеді. Байқоңыр ауданының әкіміне және бізге қамқорлық жасап отырған еріктілерге, зейнеткерлерге алғысымыз шексіз», – дейді қала тұрғыны Людмила Хлесткина.
Қайырымдылық шарасы барысында еріктілер осындай бірнеше мекенжайға барып, қарды тазалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі акция жалғасын табуда.
Айта кетейік, бұған дейін аязды күндері еріктілер елорда көшелерінде коммуналдық қызметкерлер мен қала тұрғындарына ыстық шай мен бауырсақ таратқан болатын.