Елордада ерекше балаларға арналған сыйлықтар таратып, қойылым қойылып жаңа жылдық шырша ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Шараны «Біз Біргеміз» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Ертеңгілікке ерекше қажеттіліктері бар 120 бала мен олардың ата-аналары қатысты. Оларға аниматорлардың музыкалық қойылымдар мен шоу ұсынылды. Қонақтар үшін басты тосын сый – қазақ эстрадасының жұлдызы Алмаз Кішкенбаевтың өнер көрсетуі болды.
Балаларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен де құттықтады.
«Сіздерді қала әкімдігі атынан және жеке өз атымнан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Балалар үшін бұл сүйікті мереке — сиқырлы уақыт және барлық жаңалықтың бастауы. Сондықтан біз жыл сайын оларды осындай ертеңгіліктермен қуантуға тырысамыз, өйткені балалардың өмірге деген қуанышты көзқарасымен өсуі өте маңызды. Осындай ашық-жарқын көңіл-күй мен жақсылыққа деген сенім басты серіктеріне айналсын», – деді.
Барлық балалар тәтті сыйлықтар мен мерекелік фотосуреттерге ие болды.
«Biz Birgemiz» қоры жыл сайын ерекше балаларға арналған желтоқсан ертеңгілігін өткізеді.
Айта кетерлігі жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелер қала бойынша барлық бес аудан әкімдігімен ұйымдастырылады.