Аталмыш оқиға «Қостанай қаласының балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ болған. Жеке кәсіпкер Ксения Голомидова бірнеше жылдан бері Қостанай және Рудный қалаларындағы балалар үйлеріне демеушілік көмек көрсетіп келеді. Биыл да әдетінше солай жасаған. Алайда шыршалар алушылардың қолына тимеген.
Ксения мекемеге жаңа жылдық сыйлықтар жасаған: жалпы құны 276 мың теңге болатын тәттілер және құны 48 мың теңге үш шырша ағашын сыйлаған. Өзі үшін фотоесеп сұраған Ксения суретке түсірілген ағаштарды мүлде танымаған, суреттегі өзі сатып алған ағаштар емес екеніне сенімді.
«Мен 22 желтоқсанда балаларға үш үлкен, жайқалған шырша әкелдім. Арнайы екі метрден жоғары, қымбат шыршадан сатып алдым. Фотоесеп сұрағанымда маған жіберген суреттерде мүлде басқа шыршаларды көрдім. Суреттегі шырша кішкентай ғана, тіпті ептеп сарғая бастапты. Мен бұл мәселені сұрастырғанымда ешкімнен мардымды жауап ала алмадым», — деп есіне алады қыз.
Жергілікті басылымның тілшілері қыз бен шырша сатушылармен бірге жағдайды анықтау үшін орталыққа барды. Балалар үйінің қызметкерлері демеуші сатып алған үш шыршаны көрсеткен. Бірақ Ксения да, ағаш сатушы да бұған келіспеген.
«Бұл менің өнімім емес. Мен шыршаларды сатылымға дайындағанда, мен өзім Ресейге барып, әр ағашты кесу кезінде басқалармен араласып кетпес үшін бояумен белгілеп, таңдап аламын», — деп түсіндірді сатушы.
Ксения фотоесеп сұрағанда орталық бірнеше күн бойы есеп жібермегенін, сондықтан ол камералардан бейнежазбаны көрсетуді сұрағанын, бірақ жұмысшылар мұны да орындамағанын айтады.
«Мен сіздерге ештеңе айта алмаймын. Біз бұл жағдайды анықтаймыз», — деп жауап берді Қостанай қалалық балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының орынбасары Динара Әлмұхамбетова.
Ксения полицияға жүгінуге мәжбүр болды. Нәтижесінде балалар үйінің қызметкерлерінің бірі демеушілер әкелген шыршаның бірін үйіне алып кеткенін мойындады. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, тағы екі ағаш орнында тұр, бірақ Ксения мұнымен келіспейді. Енді бұл мәселені полиция тексеретін болады.