2024 жылы жоспар 400 адамға дейін қысқарды.
Алматыда «Күміс жас» жобасы бойынша 2023 жылға жоспар 930 адам болса, бар болғаны 385 адам жұмыспен қамтылды.
Бұл туралы қалалық Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының міндетін атқарушы Асланбек Қуанышов РСК-да өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
2024 жылы жұмыспен қамту жоспары екі еседен астамға қысқартылғаны атап өтілді.
«Күміс жас» жобасы бойынша 2024 жылы 400 адам қамтылады, 2023 жылы жоспар бойынша 930 адам, 385 адам жіберілді, оның ішінде 324 адам жобаны жалғастыруда. Шараны 61 адам аяқтады, оның ішінде 15 адам тұрақты орындарға орналастырылды», — деді спикер.
2023 жылдан бастап 50 жастан асқан қазақстандықтар «Күміс жас» бағдарламасына қатысушы бола алады. Бұған дейін бұл бағдарлама 58 жастан асқан адамдарға таралатын. Жоба егде жастағы жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға бағытталған.
Зейнетақыны есептеу кезінде жобаға қатысу мерзімі еңбек өтіліне, ал төлем сомасы табыс ретінде есептелетін болады. Қатысу мерзімі 36 айдан аспайды. Бұл ретте жобаға қатысушылардың еңбекақысы бюджеттен субсидияланады.
Жалақыны жұмыс беруші белгілейді және төлейді, бұл ретте мемлекет алғашқы 12 айды – жалақының 70%-ын өтейді; 13 айдан 24 айға дейін – жалақының 65%; 25 айдан 36 айға дейін – жалақының 60 %, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек.
Жолдаманы алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша Жұмыспен қамту орталығына хабарласу қажет.
Жұмыспен қамту орталықтарының байланыстарын электронды еңбек биржасының сайтынан табуға болады.