Астанада мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған «Игі істер марафоны» ауқымды акциясы жалғасуда. Елорда тұрғындарын игі іске қосылуға шақырады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
«Игі істер марафонының» басты мақсаты – еріктілер мен барлық қала тұрғындарына халықтың әлеуметтік осал топтарына, қарттарға, зейнеткерлерге және мұқтаж жандарға көмек көрсету мүмкіндігін беру.
Акцияға қатысушылар зейнеткерлер мен жалғызбасты қарттардың ауласындағы қарды шығарып, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасыларға азық-түлік себетін жеткізіп, қарт азаматтарға отын жарып, коммуналдық қызметкерлерді ыстық шаймен қамтамасыз етуде.
Кез келген адам еріктілерге қосыла алады. Мұны Instagram парақшасында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығына хабарлама жазу арқылы жасауға болады.
«Игі істер марафоны» акциясы аясында сіз біздің қатарымызға қосылып, ерікті бола аласыз. Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін есте сақтаңыз, — дейді жас астана тұрғындары.
Естеріңізге сала кетейік, «Игі істер марафоны» басталғаннан бері елордалық еріктілер жалғыз тұратын зейнеткерлердің жеке секторларындағы 35-тен астам үйді қардан тазартты. Жалғызбасты зейнеткерлерге бару, коммуналдық қызметшілерге ыстық шай мен бауырсақ тарату, қарды тазалау, мал қораларына бару, жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерін тазалауға көмектесу, азық-түлік себетін жеткізу және т.б. 50-ге жуық іс-шара өткізілді.