6 919 131 қазақ баласына 100,52 доллар аударылды.
БЖЗҚ сайтындағы «Балаларға арналған ұлттық қор» бөлімі қаражаттың алғашқы түсуі туралы ақпараттан кейін бірден жұмысын тоқтатты.
Қазіргі уақытта веб-сайтта келесі хабарландыру орналастырылған: «Қызмет 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап қолжетімді болады».
Бірнеше сағат бұрын пайдаланушылар баланың арнайы шотына ақша аударылғанын тексере алды.
Ұлттық қордан түскен бұл түсімдер туралы Egov.kz сайтында немесе мобильді қосымшада әзірге деректер жоқ.
Ал, БЖЗҚ сайтында «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасы бойынша бірінші мақсатты талаптар мен мақсатты жинақтардың түсуі туралы ақпарат жарияланды.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл 01.01.2006 бастап 31.12.2023 қоса алғанда туған балалар. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады.
«Соңғы жылы олардың барлығына ҚР Ұлттық қорынан 100 доллар және 52 АҚШ центі көлемінде бірдей сома түсті», — делінген хабарламада.
Бұл тек алғашқы есептеулер екені, Ұлттық қор активтерінің өсуі мен инвестициялық кірістің түсуіне байланысты сома жыл сайын арта түсетіні атап өтілді.