Мүгедектігі бар қыздың әкесі материалдық көмек көрсетуден бас тартуын оның жарақат алуына кінәлі емес екенін түсіндірді. Бірақ сот ер адамнан ақшаның бір бөлігін өндіріп алды.
Соттың ресми сайтында хабарланғандай, Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әкесінен баланы емдеуге байланысты қосымша шығындарды өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды. «Талапкер олардың ортақ қызына ауыр сырқатына байланысты мүгедектіктің үшінші тобы тағайындалып, ота жасалғанын алға тартып, сотқа жүгінді», — деп түсіндірді сот. Қажетті тексерулерден өту, емдеу, дәрі-дәрмек сатып алу және баланы оңалту, сонымен қатар қала сыртындағы емханаларға бару 1 432 376 теңгені құрайды. «Баланың әкесі өз еркімен материалдық көмек көрсетпеуіне байланысты әйел соттан шығынның жартысын өндіруді сұрады», — деп атап өтті сот.
Қыздың əкесі қызының жарақат алуында оның кінәсі жоқтығына байланысты талаппен келіспейтіндігі туралы жазбаша жауап берді. Сотта сұралған дәрігер балаға қойылған диагнозды растап, Алматыда медициналық көмек алу қажеттігін айтты.
Сот баланың аурумен ауыратынын және дәрі-дәрмек сатып алу және тексеруден өту үшін қосымша қаражат қажет екенін ескере отырып, талап арыздарды қанағаттандырып, баланың әкесінен қаражатты өндіріп алды.
Шығыстардың жартысы 716 188 теңге. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұған дейін Павлодар облысында 19 жастағы қыз әкесінен жоғары оқу ақысын төлеуді талап етіп, сотқа жүгінген. Студент әкесі 21 жасқа толғанша оған қаржылай көмектесуге міндетті екенін айтты. Ер адам қызының жоғары оқуын төлеуге, сондай-ақ оқу кезінде оған ақша беруге келісті.
Ал Ақмола облысында полиция алимент төлемеу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Бір ер адам баласына бір миллион теңге, екіншісі бес миллион теңге қарыз болғаны хабарланды.
Желтоқсан айында Ақтөбе облысы тұрғынының бостандығы шектеліп, мәжбүрлі еңбекке тартылған. Ол табысын жасырып, балаларына алимент төлемей, 4 миллион теңге қарыз жинаған. Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, өкініп, кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуді жалғастыруға міндеттенді.