13 сәуірде «Тұран-Астана» университетінің студенттері «Таза Қазақстан. Астана-тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясын қолдап, қаланы тазалауға шықты. Бірнеше сағат ішінде студенттердің күшімен Ы.Дүкенұлы көшесінде 200-ден астам қап қоқыс жиналды. Одан әрі олар тазалық эстафетасын С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне жолдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Бұл челлендждің негізгі маңыздылығы — қаладағы әрбір студент табиғатқа және тазалықты сақтауға жауапкершілікпен қарау. Біз Ыкылас Дүкенұлы көшесінің аумағын тазалап, көп мөлшерде қоқыс жинадық, бұл бастаманы барлық ЖОО-ның студенттері қолдағанын қалаймыз», — деді студент Данияр Әшімов.
Челленджге «Тұран-Астана» университетінің 200-ден астам студенті қатысты. Ұйымдастырушылар атап өткендей, экочеллендж жалғасады және Астананың 15 жоғары оқу орнының барлық студенттерін қамтиды.
Естеріңізге сала кетейік, еліміз бойынша басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық ауқымды акциясы бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналады.
Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады — бір апта ішінде елдімекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды жинайды.
Екінші апта «Киелі мекен» атауын алып, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.
20-27 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» апталығы ағаш отырғызуға, екпелерді ақтауға арналады.
4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.
Соңғы, бесінші аптада» Мөлдір бұлақ» деп аталатын су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.