ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде қазақстандықтар қандай әлеуметтік қолдау алатыны туралы айтып берді.
Зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына әлеуметтік төлемдер мерзімінен бұрын төленді. Бұл тәртіп 1 қыркүйекке дейін күшінде болады.
Мүгедектігі бар адамдарды қайта куәландыру және оны бірінші тоқсанда алған атаулы әлеуметтік көмекті қайта тағайындау кезеңдері автоматты түрде 1 шілдеге дейін ұзартылады.
Су басу салдарынан үйлері немесе саяжайлары (жалғыз тұрғын үй) қалпына келтірілмейтіндер үшін мәселені шешудің екі жолы анықталды:
жаңа тұрғын үй құрылысы;
азаматтардың таңдауы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен құн шегінде қайталама нарықта дайын тұрғын үй сатып алу.
11 мыңнан астам отбасына 100 АЕК көлемінде бір реттік төлем төленді.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары несие төлемдерін 3 айға – 1 сәуірден 30 маусымға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл кезеңде айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді. Бүгінде әкімдіктер 5 мыңнан астам адам мен 110-нан астам кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін жасақтаған.
Эвакуациялық орталықтарда болған 4 мыңнан астам бала балалар сауықтыру лагерлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, НЗМ және БИЛ сияқты мектеп-интернаттарға ауыстырылды. Сонымен қатар, 4 мыңнан астам орындық резерв дайындалды.
Зардап шеккен алты облыстың мектеп түлектері үшін ҰБТ бөлек кесте бойынша өтеді.
Еліміздегі барлық медициналық ұйымдары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Дәрі-дәрмектің қажетті қоры дайындалды.
Эпидемиологиялық топтар құрылды. Ауыз судың сапасы тұрақты бақылауда.