30 мамырда сағат 17:00-де Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Бірегей акция аясында қазақстандықтарға тегін заңгерлік көмек көрсетіліп, осылайша халықтың құқықтық сауаттылығы артады.
Акцияға адвокаттар, нотариустер, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылар, полиция қызметкерлері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Әділет, салық органдары, жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімдерінің қызметкерлері және тағы басқалар қатысады.
Ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, Zakon.kz интернет-басылымы және «Параграф» ақпараттық жүйесі.
Естеріңізге сала кетейік, «Халық заңгері» акциясы жыл сайын өткізіледі. 2016 жылдан бері оған 8 мыңнан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Заң көмегіне жүгінген 165 мыңнан астам адам кеңес алды. Науқан Қазақстанның ірі қалаларында өтуде.
Сондай-ақ, акция форматының бүкіл әлемде баламасы жоқ екенін атап өтеміз.