Астана қаласында Сарыарқа ауданы әкімдігінің бастамасымен Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ерекше балаларға арналған екі қабатты туристік автобуста елорданың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сарыарқа аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бибігүл Жақсыбайдың айтуынша экскурсияға ата-аналарымен бірге 25 ерекше бала шақырылған.
«Жалпы, аудан әкімдігі әр мереке сайын балаларға көңіл бөлуге тырысады. Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында арнайы балалар екі қабатты қызыл автобуспен қаланың тарихи-мәдени орындарын аралайды. Экскурсияға 25 мүмкіндігі шектеулі бала ата-аналарымен бірге жиналды. Сондай-ақ бүгін бір топ бала «АЛЖИР» мемориалдық-музей кешеніне экскурсияға барды», — деді Бибігүл Жақсыбай.
Бас маманның айтуынша ауданда 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай бірқатар іс-шаралар жоспарланған.
«Бүгінгі экскурсия мерекелік шаралардың басы деп айта аламыз. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сарыарқа ауданында бірқатар шаралар өтеді. Мереке күні «Көктал», «Қорғалжын» саябақтары мен Есіл өзенінің жағасында мерекелік концерттер өтеді», — деді әкімдік өкілі.
Экскурсияға елорда тұрғыны Айгүл Бектаева да баласымен бірге шақырылды.
«Менің балам ерекше балалардың бірі. Бізге әкімдік тарапынан үнемі қолдау көрсетіледі. Бүгінде әкімдік балалар демалысқа шыққанда бос уақытын тиімді өткізуге атсалысуда. Бүгінгі экскурсия барлық балалар үшін қызықты», — деді қала тұрғыны.
Экскурсия барысында ерекше балалар қаланың көрікті жерлерін аралады. Атап айтқанда, Есіл өзенінің жағасында орналасқан «Бәйтерек» монументін, халық көп жиналатын ЭКСПО туристік қалашығын, Бейбітшілік және келісім сарайы мен Тәуелсіздік алаңын және Орталық саябақты аралап шықты.