«Жұмыс істеймін деген адамға бұл жақсы мүмкіндік»: Астана тұрғыны жаңа мамандықты қалай игергенін айтып берді
“JOLTAP” жобасының арқасында астаналықтар тұрақты жұмыс тауып, материалдық жағдайын жақсартып, жаңа мамандықтарды меңгеруде. Мұнда қатысушылар цифрлық және жұмысшы мамандықтарды оқып, сертификаттар алады. Осы уақытқа дейін қатысушылардың біразы техникалық мамандықтарды меңгерсе, қазір цифрлық саланың тілін де меңгеруде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Солардың бірі – 30 жастағы елорда тұрғыны Әбілбек Садықов. Әбілбек біраз уақыт құрылысшы болып жұмыс істеген. Алайда кейін жұмыстан босатылып, жұмыссыз қалды.
«Бір күні сыртқа шығып бара жатып, осы жобаның жарнамасына тап болдым, содан кейін қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктіне барып, дәнекерлеуші мамандығы бойынша қаңтар айында тегін курсқа жазылдым, ал оқу ақпан айының басында басталды», — деді Әбілбек Садықов.
Айтуынша оқу күн сайын өтетіндіктен, ол кәсіпті бір айда игерген.
«Оқу курсы барысында біз көптеген сұрақтарға жауап алдық. Сабақтар өте қызықты және мазмұнды өтті.
Қазір Әбілбек Садықов қаладағы зауыттардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.
«Бұл жобаның көптеген артықшылықтары бар, өйткені “JOLTAP” жобасы арқылы әрбір адам жаңа мамандықты меңгере алады немесе жұмыс істеймін деген әрбір адам үшін бұл жақсы мүмкіндік», — деді ол.
“JOLTAP” жобасы көптеген адамдарға жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік берді және бүгінгі күнге дейін жұмыс жағдайын жасауды жалғастыруда. Бағдарлама Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылуда.
Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы кез келген елорда тұрғыны қатыса алады. Басты мақсат – астаналықтардың табысын арттыруға жағдай жасау, сол арқылы астаналықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту.