Қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 289 млрд теңге төленген
Мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге жыл басында республикалық бюджеттен 255,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) 33,5 млрд теңгеге жуық сомаға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер жүргізілді.
2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,8 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу бойынша – 198,2 мыңға жуық адамды құрайды.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген өмір сүру минимумына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушысының асырауындағылардың санына, қайтыс болу себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады. Мәселен 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша, 62,8 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақы алды.
Төлемдердің мөлшері жеке болып табылады және келесілерге байланысты: соңғы 2 жылда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, мүгедектік деңгейі, асырауындағылар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты ауыстыруға байланысты есептеледі.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін осындай төлемдерге қосымша төленеді.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап өмір сүру минимумының өсуіне байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7%-ға ұлғайтылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер мөлшері де 7%-ға ұлғайтылды.
Сонымен осы жылы Жалпы аурудан мүгедектік бойынша МӘЖ мөлшері 1-топқа – 95496 теңге, 2-топқа – 76397 теңге, 3-топқа – 52089 теңгені құрайды.
2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 57 090 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 58 738 теңгені құрайды.