Биыл қор Алматы қаласына қымбат рәсімдерге 25 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық филиалы Алматыда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ең қымбат және сұранысқа ие қандай операциялар жасалатынын айтып берді.
Өткен жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан түскен қаражатты пайдалана отырып, Алматы тұрғындарына жоғары технологияларды қолдану арқылы жалпы сомасы 21,7 млрд теңгеге 7 мыңнан астам операция жасалды.
Ең қымбат медициналық қызметтер:
— Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын имплантациялау (ЛВАД), құны – 74,8 млн.теңге. Бұл процедура созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар ауыр науқастарды емдеудің жаңа кезеңі болып табылады және жүрек трансплантациясына балама болып табылады.
— Аллогенді гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау, құны – 16,3 млн.теңге. Процедура сүйек кемігі зақымданған және сау қан жасушаларын шығара алмайтын жағдайларды емдеу үшін қолданылады.
— Бауыр трансплантациясы, құны – 8,3 млн.теңге. Бұл өте қауіпті операция, себебі бұл орган адам ағзасының бүкіл жүйесіне әсер етеді. Өткен жылы Алматыда міндетті медициналық сақтандыру есебінен дәрігерлер 27 науқастың бауырын ауыстырған.
— Автоматты кардиовертер/дефибрилляторды имплантациялау, құны – 8 млн. теңге. Процедура барысында жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға қашықтан бақылау жүйесіне қосу мүмкіндігі бар жаңа буын дефибрилляторлары имплантацияланады.
— Электромагниттік есту аппаратын орнату, құны – 7,3 млн.теңге. Имплант — толық саңырау немесе ауыр есту қабілетінің жоғалуы бар адамдардың есту функциясын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін шағын электронды құрылғы.
— Қолқа қақпағын эндоваскулярлы ауыстыру, құны – 6,5 млн.теңге. Операция дұрыс қан айналымын сақтауға мүмкіндік береді және әрбір органның жасушалық деңгейде жұмыс істеуіне жауап береді.
— Бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы немесе окклюзиясы, құны – 5,8 млн.теңге. Процедура аневризманы емдеу үшін орындалады. Соңғы бір жылда алматылық нейрохирургтер осындай 586 операция жасаған.
— Экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ), құны – 1,2 млн.теңге.
Биылғы жылы қор Алматыға бұл процедуралар үшін шамамен 25 миллиард теңге бөлді.