1 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованы қабылдады. Қабылдау барысында Дүйсенова әлеуметтік саланы қаржыландырудың жаңа тәсілдерін ұсынды.
Дүйсенова әлеуметтік салаға 14,5 трлн теңге бөлінгенін, бұл мемлекеттік бюджеттің 60 пайызын құрайтынын хабарлады.
Дүйсенова қазір цифрлық жанұя картасы арқылы көрсетілетін қызметтер жекелендіріліп, азаматтардың әлеуметтік санаттарына қарай көрсетілетінін атап өтті. Цифрландырудың қазіргі деңгейі алушыларды және көрсетілетін қызметтер көлемін анықтауға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау құрылымын түзетуге мүмкіндік береді. Өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға оңтайлы көмек көрсету шаралары әзірленетін болады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына білім беру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, әлеуметтік нысандар салу және ауыл тұрғындарын қолдау бойынша үкіметтің іс-қимылдары туралы баяндалды. Тоқаев ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.