Астанада Жастар күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында вандализмге қарсы акция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акцияны Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдап, Сарыарқа ауданы әкімдігінің аппараты, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп өткізді.
Ұйымдастырушылар бұзақылық әрекеттердің алдын алу және есірткінің таралуына қарсы тұру – қауіпсіз қоғам құрудың алғышарты, ал қоршаған ортаны таза ұстау – ортақ міндетіміз екенін атап өтті.
«Вандализм ортақ мүлікке зиян келтіру ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қауіп төндіреді. Сондықтан мұның алдын ала отырып, одан түскен шығынды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Біз қоршаған ортаны және ортақ құндылықтарымызды қорғау үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Сондай-ақ, бүгінгі акцияның басты мақсаты – жастарды есірткіден аулақ болуға, түрлі ғимараттар мен ескерткіштердің қабырғаларындағы жазуларды өшіруге, сол арқылы қоғамдық мүлікке зиян келтірмеуге шақыру, сонымен қатар азаматтардың санасы мен жауапкершілік сезіміне ықпал ету. Вандализм мәселесіне қоғамның назырын аудару және осы құбылысқа қарсы күресте азаматтық қоғамы белсендіру», – дейді Астана жастары ЖРО Neet санаттағы жастармен жұмыс бөлімінің маманы Сұлтан Өмірғалиев.
Іс-шара барысында орындықтар мен ғимарат қабырғаларына жазылған құпия телеграм арналарының адрестері, жағымсыз жарнама жазулары боялып өшірілді.