Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнде (бұдан әрi – ЕХӘҚМ) Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы, атаулы әлеуметтiк көмек көрсетудiң жаңа тәсілдерi (АӘК) бойынша өткен республикалық кеңес барысында жарияланып, талқыланды.
Мемлекет басшысы азаматтардың шығыстарын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін қайта қарау міндетін қойған болатын. Осыған байланысты Цифрлық отбасы картасын пайдалана отырып, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың жүйелерімен интеграцияланатын АӘК трансформациясы қажет.
Аталған мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек көрсету басқармасының басшысы Айнұр Әбдірахманова баяндама жасады.
Ол қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп АӘК тағайындауға өтініш білдірген қазақстандықтардың негізгі шығындарын есепке алу және тексеру механизмін әзірлеп жатқанын хабарлады. Шығындардың келесі түрлерін қарастыру жоспарлануда: жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқуға және қосымша білім алуға ақы төлеуге, демалыс пен ойын-сауыққа, денсаулықты жақсартуға, жиһаз, тұрмыстық техника сатып алуға, несиелерді өтеуге, және т.б.
«Ұсынылып отырған алгоритм АӘК тағайындауға өтініш білдірген азаматтарға кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алу үшін SMS хабарлама жіберуді қарастырады. Біз банктік құпияларды жария ету және үшінші тұлғаларға ақпаратқа қол жеткізу туралы айтып отырған жоқпыз. Тексерулер ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы автоматты түрде жүргізіледі», — деді Айнұр Әбдірахманова.
Сондай-ақ АӘК тағайындау тетігіндегі алдағы өзгерістер шынымен мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Бұрын хабарланғандай 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 70,2 мың отбасындағы 372 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 60,5 млрд теңге бөлінді.