Көкшетауда жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан оралған ақмолалық спортшыларға құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара өтті.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі биылғы жылы жазғы спорт түрлерінен Паралимпиада ойындарына қатысу өңір үшін тарихи оқиға болғанын атап өтті.
– Сіздердің жеңістеріңіз – батылдық пен шексіз адам мүмкіндіктерінің көрінісі. Сіздердің жетістіктеріңіз – тынымсыз еңбектің, қайтпас ерік-жігердің және өмірдің қиындықтарына қарамай білудің белгісі. Бұл маңызды салаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысушылармен кездесуінде спорт саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды тұжырымдады. Ал алдағы уақытта сіз бен біз алға қойған мақсаттарымызға жету жолында еңбек етеміз. Өйткені, қазақстандық спорттың болашағы қандай болатыны әрқайсыңыздың өздеріңізге байланысты», — деп атап көрсетті М.Ахметжанов.
Шара барысында екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтяревке 3 бөлмелі пәтер сертификаты мен ақшалай сертификат табыс етілді.
Күміс жүлде иегері Еркін Ғаббасов 2 бөлмелі пәтер сертификаты мен ақшалай сертификатқа ие болды.
Сондай-ақ жаттықтырушылар Юрий Колесников пен Мүсілім Сәрсембеков ақшалай сертификатқа ие болды.
Спортшылар көрсеткен қолдаулары үшін алғыстарын білдіріп, жоғары жетістіктерге ұмтылуға уәде берді.
Естеріңізге сала кетейік, Давид Дегтярев 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында парапауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған болатын. Еркін Ғаббасов пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтықта ату сайысының финалында күміс медальді жеңіп алды.