«Жақсы көретін ісіммен айналысып және табыс табамын»: астаналық тұрғын «JOLTAP» жобасының мүмкіндіктері туралы айтып берді



Астанада JOLTAP жобасы аясында тұрғындар қысқа мерзімді тегін курстардан өтіп, жаңа мамандықтарды меңгеруде. Елорда әкімдігі жүзеге асырған ауқымды жобаның арқасында астаналықтар техникалық мамандықтар мен цифрлық саланың тілін меңгеруде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Солардың бірі – 25 жастағы Гүлсім Бегалина. 2020 жылы «Қаржы академиясы» АҚ кеден ісі мамандығы бойынша білім алды.
«Мен 3-курста оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. Ал диплом алған кезде балам 6 айлық еді. Оқуымды бітірген соң жұмыс істей алмадым. Ал екі жарым жылдан кейін екінші бала дүниеге келді. Мен декреттік демалыста болдым. Үйде болып, балаларды бағып жүргенімде, қолдан сатуға шоколадтағы құлпынай жасадым. Артынша үй-жай жалдап, аспаз болдым, ыстық тамақ әзірлеп, табыс таба бастадым», – дейді астаналық әйел.
Гүлсім Бегалина тамақ әзірлеп қана қоймай, дастарханды дәмді тағамдармен безендіруге шығып, қазіргі таңда елімізде дамып келе жатқан қоғамдық тамақтандыру саласында еңбек етеді.
«Ағымдағы жылдың сәуір айында апам бұл жоба туралы айтты. Ол JOLTAP жобасы аясында оқу курстарын аяқтаған екен. Кейін қаланың модульдік пункттерінің біріне барып, «тігінші» және «сәнгер» курстарына жазылдым. Өйткені бала кезімнен тігінші болуды армандадым», – дейді ол.
Ал тура бір айдан кейін оқу курсы басталды.
«Тігін өндірісі бойынша оқу курсы 22 күн болды. Курс барысында біз тігіншілікті үйрендік. Көптеген сұрақтарға жауап алдық. Ең бастысы, барлығы іс жүзінде көрсетілді. Ал мұғалімдер оқу материалдарын жақсы түсіндіреді», – дейді жобаға қатысушы.
Курсты тәмамдаған Гүлсім тігін өндірісіне жұмысқа орналасты.
«Бұл кәсіпке деген қызығушылығымның арқасында мен де сол бағытта жұмыс істеймін деп шештім. Мен қалалық студиялардан жұмыс іздедім. Көп ұзамай WhatsApp қосымшасындағы чаттардың бірінен «Тез арада тігінші керек» деген хабарландыруды көріп, бірден хабарластым. Студия меңгерушісі тәжірибемнің аздығына қарамастан мені жұмысқа алды. Қазіргі таңда тігінші болып жұмыс істеймін, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып, табыс тауып отырмын», — дейді келіншек.
Енді Гүлсім алдағы күндері «JOLTAP» жобасы бойынша «Сән дизайнері» курсынан өтуді жоспарлап отыр.
0