Алғашқы смарт аялдама Щучьеде пайда болуы мүмкін. Жоба авторы жергілікті оныншы сынып оқушысы, деп хабарлайды Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
– Щучье қаласындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Сұлухан Амангелді жобамен бір жарым жыл бұрын айналыса бастаған. Қаламыздағы кейбір аялдамалар жақсы жағдайда болмағандықтан, бұл қала тұрғындарының өмірін қиындатады. Қаламыздан күн сайын көптеген ауылдарға жолаушылар қатынайды. Жоба жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қоғамдық көлікті күту уақытын қысқарту мақсатында әзірленген», — дейді оқушының жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Әсел Ғабдуллина.
Оқушы қыздың айтуынша ол бастапқыда басқа елдерде осындай аялдама орнату тәжірибесін зерттеген. Мұндай аялдамалар АҚШ пен Нидерландыда бар екені белгілі болды. Әрі қарай, бұл дизайнды ауа-райына бейімдеу қажет болды.
— Аялдамада автобус бағытының сенсорлық картасы, автобустарды бақылауға арналған GPS сенсорлары, автобус күту уақытын тиімді пайдалану үшін онлайн кітаптар, кофе машинасы, телефонды зарядтауға арналған розеткалар, бейне камералар және кондиционер болады. Мұның бәрі шағын бизнеске үлкен көмек болады», – деп түсіндірді Сұлухан.
Осы жобасымен ол ғылыми жоба байқауына қатысып, қазылар алқасы оның жұмысын жоғары бағалап, оның пайдалылығын атап өтті.
– Сұлухан мұнымен тоқтап қалмай, аудан әкіміне жазылып, жобасын таныстырды. Нәтижесі бойынша қазіргі таңда қалада ақылды аялдама орнату мәселесі қарастырылуда. Жоба биыл Щучье қаласында жүзеге асырыла бастайды. Бұл тұрғындардың автобус күту уақытын ыңғайлы етеді деп сенеміз», — дейді мектеп әкімшілігі.
Сонымен қатар жобада мүмкіндігі шектеулі жандардың да қажеттіліктері ескерілгені оның әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді.