Жамбыл облысында 800 нысан мүгедектігі бар жандарға арналып бейімделген
Мүгедектігі бар азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және оларға қолжетімді орта жасау мақсатында Жамбыл облысында 852 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толығымен бейімделді.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттырудың 2025 жылға дейінгі Ұлт жоспары, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және «Халықпен бірге» жобасы әзірленді және мемлекет тарапынан жүзеге асырылуда.
«Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында Интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыстар қарастырылған. Жыл сайын нысандардың 20 пайызы бейімделуге жатады.
Мәселен 2023 жылы — Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы — 40%, 2025 жылы — 60%, 2026 жылы — 80%, 2027 жылы — 100% бейімделуден өтуі тиіс. Қазіргі таңда республика бойынша 17 233 нысан толығымен ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін бейімделген.
Ағымдағы жылдың соңына дейін Жамбыл облысында 562 нысанды бейімдеу жоспарланса, облыс бойынша жоспар артығымен орындалды, 852 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.
Мәселен облыстағы 852 нысанның ішінде барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтарға мыналар қолжетімді:
• денсаулық сақтау нысандары – 119;
• білім беру нысандары – 300;
• мәдениет объектілері – 102;
• сауда және қызмет көрсету объектілері – 31;
• мемлекеттік ұйымдар – 236;
• спорт нысандары – 33;
• көлік инфрақұрылымының объектілері – 8;
• әлеуметтік қорғау объектілері – 7;
• басқалары – 16.
«Мен Тараз қаласында тұрамын және күн сайын түрлі әлеуметтік маңызы бар мекемелерге – дүкендерге, дәріханаларға, ауруханаларға баруым керек. Әрине мен үшін барған кезде объектілердің қолжетімділігі өте маңызды. Соңғы кездері балабақша да, мектеп те өзім секілді ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолжетімді бола бастағанын байқадым. Көптеген әлеуметтік нысандардың кіреберісінде баспалдақтар мен белгілердің болуы туралы ескертулер бар, бұл да өте ыңғайлы. Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз кіруі үшін барлық жағдай жасалып жатқанына өте қуаныштымын», — дейді 1 топ мүгедектігі бар Мөлдір Тәжібекова.
Сонымен қатар биылғы жылы мемлекеттік бақылау аясында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен мемлекеттік басқару салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 146 тексеру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т.б.: 37 тексеру – профилактикалық бақылау шеңберінде, 6 – жоспардан тыс тексерулер, 103 – прокуратураның өтініші бойынша тексерулер жасалған.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 33 ұйғарым шығарылып, 11,8 млн теңгеден астам сомаға 18 әкімшілік айыппұл салынды.
Профилактикалық бақылауды жүзеге асыру кезінде меншік иелеріне құқық бұзушылықтар бастапқы анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы ұйғарым ғана шығарылатынын атап өткен жөн. Бұйрықты белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда айыппұл салынады.