Нигерияда есту қабілеті бұзылған адамдарға АT негіздері оқытылады
10 миллионға жуық нигериялықтардың есту қабілеті бұзылған. Бұл олардың әлеуметтік интеграциясын және жұмысқа орналасуын қиындатады. Жергілікті белсенділер осы санаттағы нигериялықтарға арнайы әдістеме арқылы АT саласының қыр-сырын үйрететін жаңа жоба жасады.
«Техникалық саңыраулар» жобасы 2022 жылы Абуджа қаласында басталған. Осы уақыт ішінде есту қабілеті бұзылған 1000-нан астам адам Python бағдарламалау тілін үйренді. Бұл жобаға 18 бен 35 жас аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Дәрістер студенттерге сырқатына қарамастан шығармашылық әлеуетін ашуға көмектеседі, дейді жоба мұғалімі Виктор Ориха.
Виктор Ориха, «Техникалық саңырау» жобасының Python мұғалімі:
– Мен студенттерімнің пәнді оқуға деген ынтасынан шабыт аламын. Ауруларына қарамастан көздерінен құмарлықты, қызығушылықты көремін. Есту қабілеті бұзылған адамдарға ым-ишара тілін үйрететін, қрап отырып үлгі алатын, соларға ұқсас адам керек екенін өз басымнан білемін. Бұл олардың мақсаттарына жетуге және біліктілігін арттыруға мотивация береді.
Сабақтарда студенттер тек бағдарламалауды ғана емес, сонымен қатар веб-дизайнды, цифрлық маркетингті және басқа да негізгі АT пәндерін үйренеді. Тренинг аяқталғаннан кейін қатысушылар өздерінің дағдыларын растайтын сертификаттар алады. Жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барлығымен тең негізде жұмыс істеу мүмкіндігін беру. Олар курстарға әйелдерді көбірек тартуға тырысуда. Жоба авторларының айтуынша, жұмыс орнында кемсітушілікке жиі ұшырайтындар да солар.
Буба Лависа Иса, студент:
– Менің мотивациям – технология саласындағы білімімді жетілдіру. Оқуды бітіргеннен кейін алған дағдыларым бойынша жақсы жұмыс таба аламын деп үміттенемін. Мен бұл жоба туралы алғаш білгенімде менде үміт оянды.
БҰҰ мәліметі бойынша әлемде 2 миллиард мүгедек адам бар. Олардың 26 миллионы Нигерия азаматтары.