Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның нормалары күшіне енді, деп хабарлайды @tengrinewskz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Өзгерістерге сәйкес, медициналық ұйымдар мен жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға және 14 сақтандыру ұйымын қамтитын Бірыңғай сақтандыру пулымен сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
«Дәрігерлердің байқаусызда кәсіптік қателігінен зардап шеккен науқасқа сақтандыру төлемдері төленеді. Өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісін растау және сақтандыру төлемін алу үшін науқас немесе оның жақын туыстары (заңды өкілдері) денсаулық сақтау субъектісіне хабарласуы керек. Медициналық қызмет нәтижесінде науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы шешімді тәуелсіз сараптама комиссиясы шешеді», — деп түсіндірді агенттік.
Науқас комиссияның қорытындысымен келіспеген жағдайда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа шағымдануға мүмкіндігі бар.
«Заңмен науқасқа үшінші, екінші және бірінші топтағы мүгедектік анықталған жағдайда тиісінше 500, 600 және 800 АЕК (2024 жылы 1 846 000, 2 215 200 және 2 953 600 теңге); мүгедектігі бар бала үшін – 500 АЕК (2024 жылы 1 846 000 теңге ); өлімге әкеп соққан зиян үшін – 3 000 АЕК (2024 жылы 11 076 000 теңге); мүгедектік белгіленбей науқастың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін – 300 АЕК-тен (2024 жылы 1 107 600 теңге) аспайды. Заңда сондай-ақ сақтандырылған медицина қызметкерлеріне адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу сомасы белгіленген, бұл денсаулық сақтау субъектісі төлеген сақтандыру сыйлықақысы сомасының 5 пайызынан аспайды », — делінген ведомство хабарламасында.